3 мамыр күні дәстүрлі өнердің қарашаңырағында КСРО Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор, профессор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымының концерті өтті.

Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспанов, хормейстерлер Лейла Кущанова мен Мәди Әбішев, ал концертмейстер Элеонора Пак болды.

Мерекелік шара барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисті (жеке орындаушысы), «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шәрігүл Өтегенова, сондай-ақ Өркен Сағиев, Гүлжан Жұбанышева және Серік Жұбатқан өнер көрсетті.

Мербол Құспанов бастаған консерваторияның түлектері түлеп ұшқан ұясына арнап ерекше ықыласпен дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынып, тыңдармандарды тәнті етті.

Қазақ камералық хор ұжымы мен ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспановқа консерватория ректоры Арман Әділханұлының атынан Алғыс хат табысталды.