«Өнер орталығы» концерт залында Халық композиторы, «Сыр сүлейі» атанған Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің күй кеші өтті.

Кеште күйші – композитор, Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Марат Жанғазы өнер көрсетіп, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің бас дирижеры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Қабижанова Мадина Маратқызына, Ақтөбе облысының күйшілер одағының төрағасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Хамзин Талап Еділханұлына «Әлшекей Бектібайұлы» медалін табыстады.

Оркестр домбырашылары Жалғас Болатұлы, Нұрәлі Сыдықов, сыбызғышы Әлібек Ынтағали Әлшекей Бектібайұлы Қоғамдық қорының президенті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Дәнебеков Оңғарбай Жидейбайұлының алғыс хатымен марапатталды.

Кеш соңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығымен , Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту Қамқоршылық қоры кеңесінің төрағасы, «Парасат» орденінің иегері, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек құттықтау сөз сөйлеп, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазанғаптанушы Асылханов Жайлау Жаншаұлы мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Кенжалиев Елубай Мұхамбетұлына «Әлшекей Бектібайұлы» медалін табыстады.

Сонымен қатар, Әлшекей Бектібайұлы Қоғамдық қорының президентінің алғыс хатымен А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі ұжымы марапатталды.